1954 жылдың 2- тамызында қазіргі Қостанай (бұрынғы Торғай) облысының Жалкелдин ауданында дүниеге келген.
1971 жылы сол аудандағы орта мектепті бітірген соң, сол кездегі жастар бастамасымен ауыл шаруашылығына араласып, қой бағады, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Білімін өздігінен толықтыра отырып, кейін Алматыдағы С. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің география пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Алғашқы еңбек жолын өзі туған ауылдағы орта мектепте география пәні мұғалімі болып бастаған ол, мектептің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласып, көзге түседі.
1992 жылы Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Құрық ауылына қоныс аударып, осындағы №1 орта мектепте география пәні мұғалімі болып істейді.
Ол сонымен қатар, мектеп мұражайының жетекшісі ретінде де, сыныптан тыс жұмыстар бойнша Кіші Ғылым академиясымен бірлесе отырып, оқушыларды ғылыми жобаларға қатыстыру бағытында да бірқанша жұмыстар атқарды. Соның нәтижесінде оның оқушысы Қ. Бишенов республикалық ғылыми жобалар байқауына қатысып, жүлделі І орынға ие болды.
Мұрат Нұғыманов Ұ. Есназаров атындағы республикалық атаулы мектептің мүшесі, 2016 жылы осы мектептің мерейтойлық жиынына қатысып, арнайы медальмен марапатталды.
Мұрат Нұғыманов 2000 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісін алған.
Мұрат Нұғыманов өз іс-тәжірибелерін тарату бағытында көптеген мақалалар жазып, аудандық, облыстық басылымдарда жариялап отырды. Ол – жоғары санатты ұстаз.
Мұрат Нұғыманов 2017 жылдың 15 тамызында дүниеден озды.